Жамбыл облысында "балаларды құлдықта ұстады" деп күдікке ілінген адам ұсталды деп хабарлады Қазақстан ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешов. Министрліктің өкілінің сөзінен ҚазТАГ үзінді келтіреді.
"Күдікті ұсталып, уақытша қамау изоляторына жіберілді. Зардап шеккен балаларға тиісті медициналық және психологиялық көмек беріледі. Бұдан бөлек, жергілікті полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік тексеріс басталды. Ішкі істер министрі істі жеке бақылауына алды" деп хабарлады Әлекешов жұма күні.
Бұған дейін желіде кәмелетке толмаған екі баланың көмек сұраған видеосы тараған. Видеода балалар мал бағып жүргендерін, телефондарын тартып алғанын айтып, алған жарақаттарын да көрсетеді. Олар Жамбыл облысы Талас ауданында тұрған.
Жұма күні күндіз бала құқығы жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева балалардың жүрген жері анықталғанын, аймаққа уәкіл жібергенін хабарлады. Айтуынша, полиция қылмыстық іс қозғаған. Оның сөзінше, өгей әкесі балаларға 4,5 жыл "озбырлық көрсеткен".
Ақпаратқа қарағанда, полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған балаларды Тараздағы қиын жағдайға түскен балаларды қолдау орталығына жеткізген. Тергеу амалдарымен қатар психологиялық және заңгерлік көмек көрсетілетіні хабарланды. Арнайы комиссия құрылған.
Өткен аптада Шымкентте екі жасөспірім қыз: 2009 және 2010 жылғы қыздар жыныстық құлдықтан босатылғанын жергілікті "Отырар" арнасы хабарлаған. Оларға "баспана беріп, көмектесеміз" деп тартқан. Олар босатылғаннан кейін арнайы әлеуметтік қызмет орталығына орналастырылған.